Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  184


Автор: Серік Сейітман

Ақсақал

Ақсақалым!
Дей көрмегін балаңа бақ сатамын.
Ұрпағыңа тұп-тұнық тәлім керек,
Керек емес жинаған ат-шапаның.
Аузыңдағы сыйлаймын мақалыңды,
Мақалыңа мән қосар мақамыңды.
Дегеніңмен: «құр қолға бата жүрмес»,
Саудалауың сауап па сақалыңды?!.
Аттан түсер жауы да басын иіп,
Ақсақалмен Алаштың бәсі биік.
Шапанымен өлшенсе шалдың құны,
Дуана да жүр, әне, мәсі киіп.
Жалмаған соң жаужүрек атамды жер,
Сабалаққа сыйлайын сақамды кер.
Аруақтанып қонайын арғымаққа,
Жайдым қолды,
Жолымды аш,
Батаңды бер.
Келешекке кең болса аяң айқын,
Ұрпағың бар атыңды аялайтын.
Ботаң емес, керегі батаң маған,
Мал қалдырма, тал қалдыр саялайтын.
Ақсақалым!
Керек емес жинаған ат-шапаның.
Жаңылмайтын жол көрсет жас қазаққа,
Осы сенің жемісті бақша-талың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу