Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  466


Автор: Серік Сейітман

Жусан

Қазақтың қамын ойлап,
толғанып көп кемеңгер,
Қазақтың даласында
қан төгіп өткен ерлер.
Солардың қаны дән боп,
көктеген жусан ғой бұл,
Жусаны бар жерлердің
қазағы жоқ демеңдер.
Опынып отырмастан көңілімді
күз етіп құр,
Тарихтың қате тұсын кетейін
түзетіп бір.
Қазағы жоқ жерлердің жусаны қазақ болып,
Қазақтың сар даласын сарбаздай
күзетіп тұр.
Жусаным, жапандағы
Тәңірдің сыйы сынды,
Суарып рухыңа,
бағайын үй-ішімді.
Баламның бойына енді
сіңдіру міндет маған
Бабамның иісіндей аңқыған иісіңді.
Қалада жабыққан жан далаға ұшқалы жүр,
Сендермен жолыққан бар қандастың құшқаны нұр.
Шетіңнен еміреніп құшақтап иіскер ем,
Мүмкіндік берсін бе оған бес күндік қысқа ғұмыр?!
Жусандар, бауырларым даламда жиі егілген,
Мен де бір қазақ едім ат баптап, түйе мінген.
Көз жұмып жерленсем де көрімде тыныш жатпай,
Сендерге нәр сыйлаймын қуарған сүйегіммен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу