Өлеңдер ✍️
Сыртым сау боп көрінер, түтіндеген ішім...
Сыртым сау боп көрінер, түтіндеген ішім,
шарықтап неге ұшпайсың, үкілеген құсым?
Тілім, ділім, рухым қыл үстінде тұр –
қырық жамау дүние-ай, бүтінделермісің?!
Саясатқа құл боп санамыз, сарсылып бітті,
қажап жатыр «ешкілер» талшыбық-құтты.
Өз дегенімен жусатып, өргізген заман,
биліктің қолын құрық пен қамшы ғып,
жұртты.
Теледидардан болғанмен көргенің ғажап,
(шындыққа көңіл, қалар ем бөлгенін аз-ақ).
«Осыған да тәубә» деп тергенін қазақ,
таңдайға басып отыр ғой, бергенін қажап.
Айтуға құмар ағайын көсіліп ақыл,
(қонар-ау бір күн бақ құсы, кешігіп ақыр).
Әзірше үлкен мінберге шыға алмай тілім,
бөтен тілменен тағдырым шешіліп жатыр.
Көргісі келмес – көрмейді сүйресең жолды,
бағың жана ма, өзіңе имесең қолды.
Басымнан әзер сыпырған бақыртып тұрып,
тазкепешімді қайтадан кимесем болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter