Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  130


Автор: Гүлсара Шалқар

Ұяңдық

Сезім жайлы сөйлемеймін,
Неліктен?
Сезім жайлы өлеңдерді кеміткем −
Сезім деген − жүректегі ерліктер.
Ерліктердің сөйлегенін көріп пе ең?
Сөйлесе егер,
Мақтаныш боп кетпей ме?
Мақтаншақтық − сатқын іс боп кетпей ме?
Сезім деген − адал болу сүйгенге.
Адалдықсыз ғашық жүрек көктей ме?
Көктесе егер,
Өзімшілдік құрбаны.
(Өзімшілдер кетер кейін мұң бағып)
Сөйлеу емес, сезінуді үйретер
Сезім деген − сүйіктіңнің зынданы.
Қамалса егер,
Тар кеудеге, қапасқа
Сүйген жүрек − сүйген адам...
(Нар қасқа!)
Сезім деген − тулап жатқан толқын ғой,
Соғылатын кеуде деген жартасқа.
Соғылса егер,
Қайдан сыртқа атылсын?
(Сүйген жандар − ізгі жандар, батыр шын!)
Сезім деген − сөйлемейтін Үнсіздік
Ол қалайша арыстандай ақырсын?
Жүрек деген − бақыт атты зор-айна.
Жүрек деген − қайғы атты сор-айна.
Сезім жатыр жүректердің түбінде
Ең түбіне жету, айтшы, оңай ма?
Сезім жайлы сөйлемеймін,
Неліктен?
Сезім жайлы өлеңдерді кеміткем.
Сезім деген − көсілетін сөз емес,
Сезім деген − жасалынған ерліктер.
Сезім деген − жасалатын ерліктер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу