Өлеңдер ✍️
Шегініс
Хәл сұраспай, сырласпай, амандаспай,
Танымайтын жүрміз біз замандастай.
(Екі жүзді адамдар ең қауіпті:
Жақсы дұшпан секілді жаман достай).
Табысқалы екеуміз көріскелі:
Басқа жанға сырларды бөліспедік.
Екі жүрек түбінде сақталынған
Құпияны ашуды теріс дедік.
Бірімізді-біріміз тыңдап едік,
Бірімізге-біріміз қымбат едік.
Жаңалыққа жаны дос жандар үшін
Шешуі жоқ тым қиын жұмбақ едік.
Бірімізді-біріміз қолдап едік,
Жақсылықты аямай жолдап едік.
Жанымызды жанымыз түсінетін
Жанашырлық жүрекке орнап еді...
Бұл күндері арамыз алыстады −
Күлімдеумен күніге табыспадық.
Айқай-шусыз, ашусыз ажырады
Екі пікір − екі жан қабыспады.
Салқындық па?..
Шаршау ма?..
Арадағы.
Шалқар − көңіл, Гүл − өмір, Сара −жаным:
Қорықпаймын адамды жоғалтудан
Қажет болсам, қайтадан таба алады.
Көркем сөйлеп, әдеппен көркем жүрсем,
Қырсығуым қарамай бекер білсең.
...Жанымдағы алысым емес,
Маған
Алыстағы жақыным екенсің сен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter