Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
115
Соқпақ
Қайыңдар қатар тізіліп,
Арманның шыңын нұсқайды.
Құстар да маған қызығып,
Кесе көлденең ұшпайды.
Шегіртке шырыл әнімен,
Атыма мақтау айтар мың.
Сарғалдақ сұлу сәнімен
Болсын деп жолың жайқалды.
Шапалақ ұрып жапырақ,
Шабытқа шабыт қосады.
(Қызықтар қалар Ақымақ
Буының неге босады!?)
Қайыңдар қатар тізіліп,
Арманның шыңын нұсқайды.
Алдымнан шығып жүз Үміт
Сыр айтар сона-а-а-а-а-у тұс жайлы...
Сол шыңға шығып,
Биіктен,
Көз тастау керек Ғаламға.
...Тіршілік сыйы − Күйіктен
Әлсіреп кетер Адамдар.
(Әр жаратылыс сыйынар
Жаратқан маған үлес бер!)
Қостаушы кейін жиылар
Бастаушы болсам күрескер.
Жанымды пида етсемде,
Жетуім керек Арманға.
...Өмірден өтіп кетсе де,
Даңғыл жол салған жандар бар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter