Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  211


Автор: Гүлсара Шалқар

Қырсық құрбыма

Ақымағым-ау,
Ол сені ұмытты ғой, ұмытты ғой,
«Қайтадан келер» деген үмітті қой.
Жүрегіңе құлып сап кететіндей,
Осал тұсыңды әбден біліпті ғой.
Ақымағым-ау,
Санаңды түгелімен жаулапты ғой.
(Ойлашы, өтінемін салмақты ой)
Қарбалас тіршіліктің құрсауында
Сағыныш-сағым тағы алдапты ғой.
Ақымағым-ау,
Махаббат нұрын енді төкпейді ғой.
(Ғашықтар үшін: «сезім − серт» дейді ғой.)
Қиындық ортасына тастап қызды
Нағыз ер ешқайда да кетпейді ғой.
Ақымағым-ау,
Жігеріңді уақыт пен мұң жеген ғой.
(Жүрегі ғашықтардың бір деген ғой)
Жаныңды қайдан ұқсын сүймеген жан?
Қадіріңді білмеген, білмеген ғой.
Ақымағым-ау,
Сезім түгіл сөзіңді ұқпаған ғой.
(Су мен май бір-біріне жұқпаған ғой)
Қайырсыз азаматтың несі кетті?
Тым нәзік жүрегіңде жүк қалған ғой.
Ақымағым-ау,
«Табыссам..» деген тілек ертегі ғой.
Жыламашы, жетеді, жетеді ғой −
Жаспен ерді қайтару мүмкін емес,
Кеткісі келгеннен соң, кетеді ғой.
Ақымағым-ау,
Жүрегің күйзелістен шаршады ғой.
(Білемін ата-анаң аңсады той)
Бақытың кезігеді кеш батқанша,
Өмірің үміт толы таңсәрі ғой.
Ақымағым-ау,
Бақытты боласың ба күйік ішсең,
Күйік ішсең, бокалға құйып ішсең?
Арылсын азаптанбай иық күштен:
Ол сені ұмытты ғой, ұмытты ғой.
Оны да ұмытуға тиіссің сен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу