Өлеңдер ✍️
Байланыс
Барлық бала қуанса ғой, күлсе ғой,
Барлық ана еш уайымсыз жүрсе ғой.
Барлық бала болуы үшін бақытты
Барлық ана ұзақ өмір сүрсе ғой...
...Ана қайғырмаса ғой!
Ана қайғырса,
Қорқыныштан бала үркіп қалады
Жәудіретіп, жасауратып жанарын.
(Балаларын аяққа тік тұрғызу −
Ата-ана тіршілігі, амалы)
Ұмыт қылып тентек болған тұстарды
Мейірлене құшағына қысқан кім?
Қалмау үшін күлкісіне достардың,
Қалмау үшін табасына дұшпанның
Ана − өмір бір-ақ тілек айтады:
(Барлық ана ашудан тез қайтады)
«Арман бар ма ұлым қонса, ұяға.
Қызым қонса, қиясына жайқалып».
...Ана ауырмаса ғой!
Ана ауырса,
Балалардың жүзінен жас домалар.
Балғын жүрек тым уайымшыл боп алар.
Күбірлейді кеуде тұсы дұғамен
Еске түсіп ұмыт болған тобалар.
Сырып тастап тіршілікті, достарды
Дәрігерден жақсы хабар тосқан кім?
Қызық − қонақ кеткеннен соң сәтімен
Көңіл − бөлме қаңырады, бос қалды....
Бала − өмір тек бір тілек тіледі:
(Барлық адам көз жұмарын біледі)
«Әлі біраз аман жүрсе жанымда.
Еркелесем, риза етсем үнемі».
Бала жыламаса ғой!
Бала жыласа,
Ана көңіл жабырқайды, жүдейді.
Қайғы бұлты кабағына түнейді.
«Құлыныма не боп қалды екен?», − деп
Көбейтеді қорқынышты, үрейді.
Дәл анадай балаларға алаң кім?
(Барлық адам аналардан таралды!
Қуантсам деп бала жүр ғой анамды.
Жеткізсем деп ана жүр ғой баламды.
Балалар жүр еркелікке тұсалып.
Аналар жүр тіршілікке тұсалып.
Ана менен бала күнді кешеді
Бір-бірінен мейір алып, күш алып).
...Күлсе жүрек, күлсе көңіл, күлсе ой
Түзеледі бүкір жүріс, бүрсең бой...
Барлық бала болуы үшін бақытты
Барлық ана ұзақ өмір сүрсе ғой!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter