Өлеңдер ✍️
Есеп беру сәтінде
Жалғыздықпен жолықтым −
Тысқары қап қоғамнан.
Есеп берер сәт сайын жанкешті жан боп алғам.
Болмашы іс − ұрымен кеткен барса келмеске
Уақытым-ай тоналған, жақұтым-ай тоналған.
Қолда барда алтынның қадіріне жетпедім −
Қолда жоқта алтынды іздегенім неткенім?..
Сырт-сырт еткен сағаттың
сыртылымен үндескен
Өлшеуі бар өмірді босқа өтсін деп пе едім?
Адам болып туылып, ақын болып күн кешкем,
(Санасында жаттаулы қайсы жанның
жыр-кестем?)
Ақылына бағынып, жүрегіне жағынып,
Білгенімен жүреді білімді де, білмес те.
Шыңдығымды іздеймін −
Таба алмаған орыным.
Болашағым − белгісіз, өткен шағым,
соңым-мұң.
Өмір деген қақпадан өлім деген қақпаға
Қарай соққан Алланың адам деген добымын.
Бел ортаға келіппін −
Бүтіннің бір бөлшегі.
(Көрге барып жатамын бірде тастап төр сені!)
Қанша асу асыппын?
Алда қанша асу бар?
Бір Аллаға аян тек − ғұмырымның өлшемі.
Сұлулығы өзгеріп, салтанаты жоғалған
Жалғыздықпен жолықтым −
Тысқары қап қоғамнан.
Өткен күннің дәптерін парақтаумен біртіндеп,
Жоқтау жазып отырмын уақытыма тоналған,
Жақұтыма тоналған.
Орындалар қай кезде ойымдағы мол арман?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter