Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
156
Бәрі де ашкөз...
Бәрі де ашкөз:
ауру да, ажал да,
Ашкөз тірлік,
ашкөз ұрлық базарда.
Ындын кеуіп,
ыңыршағың айналар
Ығыр еткен
ынсабы жоқ заманда.
Қалбалақтап,
таба алмаған сор емін
Қайда барсам
аран ғана көремін.
Көремін де
көңілімді көр етіп,
Өлеңімді кебін етіп өлемін.
Тойып болмас
тоғышарлар бағына:
Ашкөз кеңсе,
ашкөз түрме тағы да.
Ашкөз заңгер
ақыл айтып шаршатты
Зайырлы елдің
пысқырмайтын заңына.
Ашкөзденіп
сау дейтұғын сана да,
Ниет бүтіл айналғанда қараға
Қан жылатып,
қартайтады жаныңды
Қанағатсыз қайыршы да,
бала да.
Бәрі де ашкөз:
ауру да, ажал да,
Ашкөз діндар бет сипайды мазарда.
Ашкөз қиял жеткізді ме, білмеймін
Ойларымды айыбы жоқ ғазалға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter