Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
120
Құрдым
Нұрсыз жанар,
Мейірімсіз алақан,
Әр қиялда – бастың қамы қарақан.
Атқан сайын қартайтады қаланы
Қайырымсыз көліктегі қара таң.
Мұқыл арман,
Бүкір сана,
Тұқыл дем,
Шылым ғұмыр шүршіт сорып бітірген.
Түкірігі таусылмайтын тәмам жұрт
Талтаңдайды сарай салып күпірден.
Қажалған ми,
Қартайған жад,
Қарғыс үн,
Қалтаң-қалтаң еткен жансыз бар мүсін
Жанталаса жазып жатыр жаһанның
Судай жаңа Жарыместену жарғысын!
Қарайған қан,
Көрдей терең күрсініс,
Сұлық сүлдер,
Сумаң сөздер,
Сұр дыбыс.
Қайқы ауыздай Батыс быт-быт былжырап,
Шайпауыздай шыт-шыт сынып тұр Шығыс!
Сенім соқыр,
Бағыт бұлттай бұлыңғыр,
Үзіле алмай үздігеді жұлын құр.
Тұтам емшек іздеп тұттай әлемнен
Қайта-қайта кісінейді құлын жыр!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter