Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
134
Адасып көк түтін ішінде...
Адасып көк түтін ішінде,
Бөріден жүргем жоқ кем ұлып,
Көріп ап өзіңді түсімде,
Сонан соң отырам егіліп.
Даусымды тыңдаған шығар түн,
Жалғыздық сияқты жасқана.
Бәріне, бәріне шыдармын...
Айналып кетпесем басқаға.
Өзімнен өзім кеп түңілем,
Тұтқын боп қатігез ғасырға.
Не деген бейшара ғұмыр ем,
Дәл осы жиырма бес жасымда!
Адасып көк түтін ішінде,
Бөріден жүргем жоқ кем ұлып,
Көріп ап өзіңді түсімде,
Сонан соң отырам егіліп.
«Ұмытқан шығарсың..?» - деме сен,
Дық салып кірпияз көңілге.
Бәрібір Дон Жуан емес ем,
Жұрт айтқан осынау өмірде!
Санаңа сайтан боп соқтығар
Қыз-қырқын болса да бар мұнда,
Бәрі де далбаса боп шығар
Дәл сенің сезімің алдында.
Адасып көк түтін ішінде,
Бөріден жүргем жоқ кем ұлып,
Көріп ап өзіңді түсімде,
Сонан соң отырам егіліп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter