Өлеңдер ✍️
Cимуляция
Тұра бер шырайыңды бермегендей,
Тұра бер көрсең дағы көрмегендей.
Мен байғұс көздер үшін көлденең кей
Болайын өп-өтірік терлегендей.
Сыр бермей, сыртың бермей, сылдыр көлдей
Күліп қой таныстарың күлдіргендей.
Сиқырланған мен болсам сасқанымнан
Болайын басқаға ізет білдіргендей.
Нұрланып та үлгерген, сұрланып та
Көрсетейік өтірік түр халыққа.
Тұрғандай болсын бәрі өз орнында,
Тұрғандай болсын өмір бір қалыпта.
Таңы бөлек ататын, татар дәмі
Жолаушыдай болайық сапардағы.
Бір-біріне тәкаппар түр көрсеткен
Біз дейсің бе жалғыз-ақ шаһардағы?!
Аялауға тұрмайтын, аяуға да
Аяр тірлік қозғалтқан баяу ғана
Қазір бізді екіге айырады
Тағдыр дейтін тасжүрек аялдама.
Содан кейін жүрекке зарық тұнып,
Ішімізден егіліп, жанып, тынып,
Жібереміз өзіміз өзімізді
Көшелердің ішіне лақтырып.
Күй кешеміз содан соң терлегендей,
Күй кешеміз содан соң көрмегендей.
Содан кейін қаптаған «өліктермен»
Өмір сүріп жүреміз өлмегендей.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter