Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
21.05.2022
157
Саяжайдағы кәрі төбетке
Еріксізден аударатын пейілді,
Кәрі төбет, көзің неткен мейірлі!
Саған қарап ішімдегі шер-шемен
Көктемдегі көк тұмандай сейілді.
Нәпсілері шынжырланып көрмеген –
Иттен емес, иттік көріп пендеден,
Кәрі төбет, мен де батып құсаға,
Мен де сендей тәулік сайын шерленем.
Дабырадан, жалыққасын даудан да,
Мен де сендей тұрам өстіп ауламда.
Мен де сендей сыр айтатын жан таппай,
Күрсінемін күн төбеден ауғанда.
Мен де сендей ит дейтұғын тірліктен
Жарық күткен жан емеспін, нұр күткен:
Құтты күні бірін-бірі жұлып жеп,
Құтты күні бірін-бірі үркіткен.
Сол себепті өткен сайын бұл маңнан,
Кәрі төбет, сені іздеймін мұңданған.
Бір қасиет қалғаны үшін көзіңде
Бұл өмірде ит нәжіске былғанған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter