Өлеңдер ✍️

  21.05.2022
  120


Автор: Дәурен Берікқажыұлы

Кеудемде құтырып құйын мың...

Кеудемде құтырып құйын мың,
Болмай бір жүргені-ай күйімнің!
Он бір жыл бұрынғы сияқты
Есігін қақшы, әке, үйімнің.
Жанарым жаутаңдап шөл өпкен
Тағы да қалмайын бөлек мен.
Қолыңмен басымнан сипашы,
Дәл солай кіріп кеп кенеттен.
Құн тілеп тұратын әр адым –
Шаршатты тұрмысы қаланың.
Құшағың мауқымды бассыншы
Жусанды иісі бар даланың.
Санама салмақ боп сан тағдыр,
Жазылмай кетті рас, арман жыр.
Есігін қақшы, әке, үйімнің
Он бір жыл қағылмай қалған бір!
Мен де бір ашылып сарайым,
Бір сәтке бала боп қалайын.
Үйімді думан қып жіберсін
Бауырын ұмытқан ағайын.
Қиялдау – қиыны қиынның!
(Үлкені сол болсын сыйыңның)
Он бір жыл бұрынғы сияқты
Есігін қақшы, әке, үйімнің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу