Өлеңдер ✍️
Тоғжанның екі сәті
Мен әлі жас ем!
Атансамдағы ақмаңдайлы ару айқабақ,
Армандай жанмен жолығам деп пе ем ойда жоқ
күтпеген жерде...
Көз алдыңдағы тұлғаға,
Мүмкін бе өту жалынсыз ғана жәй қарап?..
Көз қарықтырар
Көзқарасында жатқандай жанып от күшті,
Жүрекке ұшып шоқ түсті.
Орынды жерде ойланып барып тіл қатып,
Оятып кетті шемен боп қатқан дертті ішкі.
Лүпілдеп кеудем,
Дүниені тәрк қып, сыншыл көздерге пәс қарап,
Тәңірден талай тілеуші едім басқа бақ.
Көңіл көлінде алапат толқын туғызды,
Апақ-сапақта ауылға келген жас қонақ.
Көкөрім жастың
Алдында алғаш мойындағандай қарттығын,
Көңілі жұмбақ көкемде бүгін жоқ тыным.
Үлкен үйдегі құйылған шайдың түсіндей,
Күндегісінен нұрланып барып батты күн.
Батты күн, сосын...
Шынға айналғандай менің құпия шаттығым,
Шымылдық ішін сырлы әуен кернеп кетті мың...
Торғайдай тоңған жүректің тыңдап дүрсілін,
Тамсана бердім татқандай дәмін тәттінің.
Ай нұрын төкті,
Көз ілмей жаттым түннен бір бақыт тосып көп,
Таңертең жеңгем әзілмен өтті шашып шоқ:
«Құнанбай мырзасын күбірлеп айттың түсіңде,
Қыз-ау, сен осы қалған жоқсың ба ғашық боп?..»
Екінші жыр
Жанып-ысып сол түні,
Жаманатты сезгендей жүрегім бір,
Жылағам жоқ, құсадан шын егілдім.
Тоңған халін көрем деп ойлап па едім,
Тағдыр тарту етпеген тілегімнің?!
Кездесуді осылай,
Қалап па едім?
Құдай-ау, күтіп пе едім,
Үмітімді бір сәуле тұтып керім...
Жатыр менің алдымда жан-арманым,
Жиі соғып жүрегі, жұтып демін.
Қайғы болып қадалды-ау,
Жар желегін жамылған қалпым оған,
Қайда қалдың күндерім антыңа адал?
Қайран менің қорғансыз махаббатым,
Қара суық өтінде қалтырған.
Арманың ем аяулы,
Енді отырмын өзгенің отын жағып,
Сенделттің-ау сезімді соқыр, ғаріп!
Маған енді жазбапты жүрегіңнің
Жыр-дүрсілін тыңдауға жақын барып.
Кінәлама қалқаңды,
Қарлығаштай қалайын ұяға адал,
Қайттім енді, қымбаттын қия ма адам...
Жадыңа тұт жарқылын жанарымның,
Саған деген сағыныш ұялаған.
Жыладым да, жұбандым,
Өзімді-өзім алдадым жас баладай,
Тілегімді тек жерге тастамағай:
Мен – Тоқ Жан боп қалайын,
Сен – АБАЙ бол,
Кінәлама, кеш мені, қош бол, Абай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter