Өлеңдер ✍️
Қарауыл. Қабір басындағы өлең
Алһамдуллаһ!!!
Алғаусыз сырын айтуға келді жас мұнар,
Буырқанған толқын
Жағаға жетіп жығылса ғана бастығар.
Кемеңгер сынап
Көрмеген балғын жырым һәм нәзік мұңыменен,
Алдыңа бүгін
Бас ұрсам мені кең қолтығыңның астына ал!
Мен талай түндер
Рухқа сиынып күбірлеп жатып көз ілгем,
Сол сәтте Жырда
Жанымды ұйытар шуақтың барын сезінгем.
Түйсінгем сонда
Мендік бақыттың осыдан бастау аларын,
Байқағам және
Қайғының мендік қалыптасқанын Өзіңнен!
Басқалар мені
Бала дер, мүмкін тырнақшаға алып «дана» дер,
Санаға пана
Болмаған жүрекке мен қайтып, қалай табам ем?
Қас-қағым ғұмырда
Қасыңнан сенің табылсам ба деп жыр жаздым,
Жазғырма мені
Хабарымды айтып күңіреніп берсе қара жер.
Ал, тыңда мені
Сырымды айтам жамылып жырдың желегін,
Менің мекенім –
Бояуы өзгерген баяғы дала, сол өңір.
Алмасып жатқан
Күн менен түндей болмысым екі бөлініп,
Қаққа жарылған
Өзімді-өзім жеңе алмай әлі келемін.
Сезімімменен
Сенімім алдап, шаршаған сәтте өлгім кеп,
Думанды, тылсым
Дүниеден түгел түңіліп тіпті болдым көп.
Және де жүрмін
Өзім жасаған өмірбаянымды өзгертіп,
Сонан соң барып
Басынан бастап ғаламда мынау бармын деп!
Мен келе жатырмын...
Бармағым тістеп, өз қолымды өзім кесе алмай,
Мұңлы ғұмырға
Уақыт пен Адам осынша неге өш, Алла-ай?!
Алдымнан арман
Алауын жақса жетуге соған асықтым,
Жан-баба, саған
Бұйырған бақыт мені сол жерден тосардай.
Тебіреніп тұрып,
(Табиғатына тартқаным болар бесіктің!)
Іздесем шаттық
Алдымнан ылғи ашыла берді есік-Мұң.
Өзімнен-өзім
Жерініп қанша жанталасқанмен жалғанда,
Жанымды ұғар
Өзімнен артық жолдастың жоғын кеш ұқтым.
...Сен – Дара едің,
Мен үшін емес, ел үшін болған бөлек ең,
Даралар жайлы
Даналық айтар данышпан кісі мен емен.
Дегенмен мені
Жолдармен даңғыл жеткізетіндей мұратқа,
Жаңа заманның
Жыршысы әлі жазбаған жауһар көне өлең!
Сол жолдан тайсам,
Мендік мұратты сендік ғұмырдың киесі ұрсын,
Айныса серттен,
Ақынның – тілі, батырдың – ділі кесілсін!
Мен де бір өртпін,
Тұтауы келмей тұншыққан желдің өтінде,
Лау ете қалса,
Қашан да жалынға күл болмай барып өшу– сын.
Аруақты баба!
Армансыз сырын айтсам деп еді жас мұнар,
Жас мұнар бәлкім, аққулар айтқан аспани әнге мас шығар,
Бәрібір... ешкім
Сынап көрмеген жырыммен немесе мұңыммен,
Алдыңа келіп бас идім,
Мені Сен қанатыңның астына ал!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter