Өлеңдер ✍️
Мәңгілік ән
Ұйғыр ақыны Тейіпжан Әлиевтен
Күннің көзі жасырынса,
Өзің жаққа асығам.
Ынтықтырдың осы ғұрша,
Уа, махаббат – асыл ән!
Терезеңе неше келем,
Шыға алмаймын айналып.
Сен тұратын көшеге мен
Қалғандаймын байланып.
Әйнегіңді қағып әнмен
Бүгін түні тағы өттім.
Махаббаттың бағынан мен
Қызыл алма дәметтім.
Ұйқысынан құр қалғандай,
Бір шал шықты күңкілдеп:
– Жеті түнде жынданғандай,
Мазаны алған бұл кім? – деп.
Әр күн сайын тыңдай-тыңдай,
Сарсаң болды құлағым.
Осыншама тынбайтындай,
Неғылған ән, шырағым?
Дедім оған: – Қапаланба,
Болмадың ба сен де жас.
Өмір қызық жас адамға,
Махаббатқа мен де мас.
Қарай-қарай көзің талған
Терезеге тұманды,
Кеше ғана өзің салған
Ұмыттың ба бұл әнді?
Сен ғана емес, баяғыда
Сансыз пенде сарнаған.
Осынау ән аяғына
Ешкім шыға алмаған.
Адамзаттың тағдырынан
Бөлінбейтін ешқашан,
Үзілмейді мәңгі бұл ән,
Деме, сірә, қоштасам!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter