Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  148


Автор: Несіпбек Айтұлы

Патша қызының зары

Таң атады, күн батады,
Өмір сырғып жатады.
Қара түнге малынады
Таңның алтын шапағы.
Көктем менен күз алмасар,
Тірлік заңы жалғасар.
Үлбіреген қызыл гүлді
Үсік шалып, қар басар.
Дүние опа таптырмайды,
Байлық мәңгі тұрмайды.
Бір күн сынар быт-шыт болып,
Шөлмек мың күн сынбайды.
Дәурен тайса алшаң басар,
Қасыңдағы жан қашар.
Кедейшілік – қабаған ит,
Етегіңе жармасар.
Бүгін шалқып, шаттанасың,
Бал шарапқа қанасың.
Бәлкім ертең лапылдаған
Қайғы отына жанасың.
Бұлт шақырып күн ашықта,
Көкірегіңді тасытпа.
Шолжаңдаған патша қызы,
Күң боласың, асықпа!
Ақ орданың еркесі едім,
Ақ мамықтан төсегім.
Мүсәпірмін енді, міне,
Көрген түстей кешегім.
Жақындайды кім қасыма,
Қарап көздің жасына?
Жылай-жылай қырау түсті
Мақпал қара шашыма.
Не келмейді қыз басына,
Мені көрсең, шошыма.
Тулап жығып, тастап кетер
Асау тағдыр осы да...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу