Өлеңдер ✍️
Туғанша ақырзаман
Жетпеппін қадіріне көп күндердің,
Өтінде қаңғалақтап өткір желдің.
Қураған жапырақтай жаным күйді,
Шарпылып жалынына от тілдердің.
Күлуге үйренген жұрт күйрегенге,
Құласаң дайын тұрар түйрегенге.
Арбадай күпшегінен сазға батқан,
Үмітті кеудем өрге сүйрелеуде.
Сене алмай өзіме де, өзгеге де,
Ұқсадым келте қиған кездемеге.
Ботқасын божытқанда езбе неме,
Мұң шақтым бозторғайдай боз көдеге.
Бір сырым бұл өмірден әзір ұққан,
Қайыр жоқ қазылық пен қажылықтан.
Басыңды тауға ұрсаң да, тасқа ұрсаң да,
Көз жұмбай құтылмайсың ажырықтан.
Замана жүгін артса ерқаштыға,
Жасытар жарқылдаған алмасты да.
Бетіңе сүзе қарап жөн айтады,
Байқамай бажырайсаң албастыға.
Соққыдан сенделесің неше батпан,
Елестеп ай мен күнің кеше батқан.
Кіндігі дүниенің кері айналып,
Озғандай таңданасың есек аттан.
Жаутаңдап оң мен солға жалтақтайсың,
Жаныңды түсінетін жан таппайсың.
Ой келіп үйіргенде диірмендей,
Қой жеген күтірлетіп жантақтайсың.
Кес-кестер қайда барсаң бір өлермен,
Ішінде не жатқанын біле бермен.
Жатырдан кім қағынып туар дейсің,
Жамандық жабыспаса жүре көрген.
Талайдың құмға сіңер күші бекер,
Қиырға қандай жіптің ұшы жетер?
Шаршап кеп бір төбеге тізе бүксең,
Басыңнан көрінген құс ұшып өтер.
Ұрса да лықсып, тасып қан жүрекке,
Қалғандай құла дүзде жан жүдетпе.
Ол-дағы тағдыр жазған бір несібең,
Қарақұс тас төбеңе саңғып өтсе.
Жаңармас өмір оны жазғырғанмен,
Зәнталақ төмендемес азғырғанмен.
Тірінің аспан мен жер арасында,
Сүруге қақысы бар аз күн дәурен.
Күшіген қонғанынша қайта жерге,
Қыранға сәлем бермес, айта көрме.
Кездейсоқ шыға қалса сайтан өрге,
Биіктен тас жаудырар байтақ елге.
Бүлінбе, оған босқа күйінбе де,
Жетеді жұлқынғанмен күйің неге?
Аударып тура жолдан табаныңды,
Торыдай тоқым батқан бүйірлеме.
Арына адамзаттың тапсыр бәрін,
Төрдегі тілінсе де ақ сырмағың.
Ұяттан жұрдай болсаң, қамсау болмас,
Тәніңе тоғыз қабат жапсырғаның.
Туғанша ақырзаман жол қысқарып,
Бәріне төзіп бағар көнбіс халық.
...Тұлыпқа мекіренер хайуанат та,
Жағына қинай берсе кергіш салып.
Қазбалап қайте қоям көп кемісті,
Ойылар таптай берсем теп-тегісті.
Долданса төңкереді теңізді де,
Жерде – елім, Құдай ғана – көкте күшті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter