Өлеңдер ✍️
Ел қыдырған есек дәме
Ғазал жазып күңіренгенмен мен емеспін Науаиы,
Бұл қазаққа қысылғанда қара өлең ғой оңайы.
Ел қыдырған есек дәме енді уызға жарытпас,
Беріш емшек бедеу сөздің келгенменен нобайы.
«Болмасаң да ұқсап бақ» деп асқар шыңды нұсқады,
Адамзатқа асу бермес ақыл-ойдың Абайы.
Баста бетін бүркегенмен арты ашылмас дүние жоқ,
Жұртқа сырын алдырады жүгіргеннің талайы.
Ақ сандықты аптағанмен алтын болмас сары жез,
Күптегенмен күміс болмас сырты жылтыр қалайы.
Көркем өмір айырылмас кереметтей көркінен,
Ат қорадай былғанбаса тіршіліктің сарайы.
Туған сәби талпынған соң тартар тұрмыс азабын,
Үлбіреген жас үміттің ағарғанша самайы.
Майпаңдаған сайқалдық пен сұрқиялық – сыпайы,
Айқайлаған ащы шындық әрқашанда – анайы.
Көк аспан мен қара жерге ешкім үкім жүргізбес,
Қарақұрым қалың пенде бір құдайдың малайы.
Шаңнан жүзі көрінбейді патша қақса етегін,
Ібілістің ұясындай ұлықтардың маңайы.
Төбет көрген мысықтайын молда қашар мешіттен,
Тәңіріге тәуап қылса таудан түскен жабайы.
Ей, ақыным, нали берме, күн қылтиып көрінер,
Түн жиегін әдіптесе атар таңның арайы!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter