Өлеңдер ✍️

ӨМІРДЕ ЖАМАН...
Еңсені басқан керексіз ойды жағалау,
Алланың берген береке -құтын ала-алмау.
Өмірде жаман - бойыңды мұңға жеңдіріп,
Күйзеліс меңдеп, ешбір нәрсені қаламау...
Күй кешіп сұрық, ұмытып үміт үніңді,
Ессіз өткізсең апталап, айлап күніңді.
Телміріп босқа келмеске кеткен кездерге,
Өмірде жаман - көзге ілмей жүрсең бүгінді...
Сеніп өзгеге көп күтіп көмек, тіреу де,
Себепші болсаң өзіңе-өзің жүдеуге.
Тіленсең түртер жандар да көптеп табылар,
Өмірде жаман - жалтақтап жүрген біреуге...
Тарылып демің, асқындап аса арыңнан,
Құнығып кетіп, байлыққа ғана бағынған.
Қара басыңның қамына бойлап, көз тоймай,
Өмірде жаман - бір қарын үшін сабылған.
Кәсіпсіз, ырыс келмейді отың көсеуге,
Кез-келген кәсіп, іліммен ғана өшпеуде.
Тірлікке қуат берері анық білімнің,
Өмірде жаман - білімсіз болсаң, бос кеуде!..
Жанар Ешназар
31/07/2018
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇