Өлеңдер ✍️

  20.05.2022
  304


Автор: Дәулеткерей Кәпұлы

Тамыр

Мен Алтайдан аққан Қобдамын,
Арнама асып толғамын.
Дастан да қылған тарихын,
Тастан табылған олжамын.
Алтайдың алтын тасынан,
Бесбоғданың басынан ,
Қауырсын қанат қомдадым.
Айтқан да сайын ағылған,
Табанынан жарылған,
Тайпалған тарлан жорғамын.
Қаламы қатқан уық ем,
Шаңырағына шаншылдым,
Атажұрт- Алтын орданың.
Мен- қаяқая шапқан қарагер,
Шапқан да сайын өрлеген.
Тарланға тарлау жұлдырып,
Шашасын шыққа жудырып,
Тізгінді қағып, делбеген.
Мен- Жәнібек мінген көк дөнен.
Жоңғармен жойқын ұрыста,
Абылай ханның алдына
Тартылған кесе көлденең.
Мен- Күлтегін бабамның,
Моласының тасы едім.
Қазақ деген халқымның,
Тарихының басы едім,
Мың жылдан кейін сөйлеген!
Мен- құранды ердің қапталы ем,
Қайыңнан қақтай шабылған.
Жүгеннің күміс жақтауы ем,
Арғымақ атқа тағылған.
Мен- боз бураның ботасы ем,
Бұйырғынын сағынған.
Аруана жұртым ар жақта,
Тағдырым қаққа жарылған.
Табанына тарланның,
Мен- қағылған ай таға,
Көшпенділікпен жұқарған.
Мен- сексеуілдің шоғыры ем,
Тағдыр балтаға бұталған.
Солай да сүргін көрсем де,
Рухым жоқ-ты мұқалған.
Күдірге шапқан күлікпін,
Түбірге тұяқ қақпаған
Дүбірге қозған ақтабан!
Алтай мен Қобда арасы,
Абаққа құтты төр еді.
Кеңесін құрған келелі,
Күлтегін, Білге, Тоныкөк,
Бабалар жатқан жер еді.
Ежелгі елдің дерегі,
Орхон да менен Енесай,
Керулен, Толы кемері.
Үлесін беріп нөкерден,
Шыңғысты хан ғып көтерген,
Тарихтың тылсым тереңі.
Тұғырыл ханым ту тіккен,
Толайым жауын үркіткен,
Аруақты ер шапқан бел еді.
Шаңырағым- Шығыс Түркістан,
Еркіндігі үшін қырқысқан,
Оспаным көкжал бөрі еді.
Сұлубайым мен Бүркітбай


Ұлдар еді ұлттың бегіндей,
Үкінің үлпілдегіндей,
Тұқымым қара көк еді.
Атамыз Алтай- ақ бөрік,
Анамыз Ертіс ежелден,
Несібем кімнен кем еді?!
Жапырағым ұшты-ау жан-жаққа,
Шайқалып заман терегі.
Бәлен де түген десең де,
Тәңірдің болар дегені!
Қытайда қалған бабам бар,
Моңғолда қалған атам бар,
Әмірін екі етпеген,
Қай құдайыма кектенем?!
Төс айыл қатты, ер батты,
Тағдырым тоқсан толғақты,
Қай бақытымды жек көрем?
Жайлап та қыстап жүргенде,
Опынтып өмір бір демде,
Шекара сызып шеттегем.
Өкпек жел ұрды- ау өкпеден.
Тәңірі Түркі тегімнен,
Елімнен солай бөлінген,
Ұлыған айға көкбөрі ем.
Асаулығынан қанымның,
Ардақтылығынан арымның,
Шекемнен ешкім шертпеген.
Мен- ТӘҢІРІМ шашқан тары едім,
ӘР ТОПЫРАҚҚА КӨКТЕГЕН!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу