Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
174
Көк мұз болып көлденең ақпан жатыр...
Көк мұз болып көлденең ақпан жатыр.
Көк бөріге құрылған қақпан жатыр.
Құмалақ сап көріп ем: жолы тұйық,
Ауып түскен секілді аттан батыр.
Бес қаруын шешкен-ау, белі сынып,
Қарсы алмаған алдынан елі шығып.
Жалғыз, дара бекер-ақ жортқан екен
Жорамалын жаурынның теріс ұғып.
Жетер ме екен есен-сау, жетпес пе екен?
Айдалада арманда өтпес көкем.
Қазанаты айналып қазығында
Қорқауды қосаяқтап теппес пе екен ...
Ақсақ қасқыр, жарадар батыр ... дала ...
Көк мұз, көбең сөгіліп, сатырлама.
Ақпан жымып басады аяқтарын
Іштей тілеу тілейді пақыр бала ...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter