Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  236


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Бостандықта сүрдiк пе бiз көп ғұмыр?

Бостандықта сүрдiк пе бiз көп ғұмыр?
Азғана күн сəулелi үмiт төктi нұр:
Əлсiз шуақ қарт қазақты жылытып,
Жас қазақ сол бəсең отты сөктi бiр…
Жасамыс жан «шүкiр», дедi бүгiнге,
Жас арыстан, жан ашумен бүлiнбе,
Жаңғырамыз, дедi, түптiң түбiнде…
Парасаты тұнып тiл мен дiлiнде.
…Парқы жетсе, нарқы кетпес сөздi ұқты.
Жастық жалаң қолмен алмас кездi ұқты…
Ұмытпауды ескердi алға басқанда,
Ту сыртынан қадалатын кездiктi…
Бұл Қазақпен танысыңыз əуел, Сiз.
Қазақ қазақ болғалы шын тəуелсiз.
Ел мен жерге еге, бүгiн көрiңiз,
Сүйiнiңiз, дос елсiз я жау елсiз.
Мекенiндей көңiлi кең халықтың,
Аспанынан нұрын құйды жарық күн.
Еш жарлығы жүрмейдi ендi Мəскеудiң,
Iске аспайды қулығы Ханбалықтың.
Егемен ел – жасыл туы жайнаған.
Егемен ел – қонаққа түс шаймаған.
Тағдырыңа «шүкiр» деуiн десем де,
Тiрлiгiңе түйiлiп, көп ойланам…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу