Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
161
Көңiл – жыртық...
Көңiл – жыртық,
Көз – бүтiн.
Жүрегiмдi ездi түн.
Күрсiнiстi көбейтпей,
Күле салғаным – тез бiтiм.
Күле салғаным – тез бiтiм,
Күрсiнiсiмдi сездi кiм…
Күңiрентiп келген күз мына
Сөйлетер ме екен сөз бүтiн.
Аспаным – жыртық,
Ай – бүтiн.
Табыла қойса сай бiтiм…
Күңiренiп келiп мына күз,
Жылысып кеттi жайлы түн.
Жылысып кеттi жайлы түн,
Булыға түсiп, ой-түтiн.
Баянсыз мына тiрлiкте
Баялыш жағып қойды кiм…
Бұлттарым – бұрқақ,
Жер – сырғақ,
Сиқырламады селдiр бақ.
Тымырайған күннiң қойнында
Тыпырлап барып өлдi ырғақ…
Тыпырлап барып өлдi ырғақ.
Тыншығып қалды көл құрғап.
Күрсiнiсiмдi көбейтпей,
Көзiмнiң жасын, жел, құрғат…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter