Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  95


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Жапырақты кешемiн жаяулап бiр...

Жапырақты кешемiн жаяулап бiр,
Уақыт, неге жүрiсiң баяулап тұр?
Дөңгелене бозарған айым менiң
Тас төбемнен төгедi аяулы, ақ нұр.
Күздiң салқын самалы сырғақтайды.
Қаракөздiң көз жасын құрғатпайды.
Дөңгелене бозарған айым менiң
Нұр құйғанмен, сыр ашып, үн қатпайды.
Жапырағы құлаған əлсiн-əлсiн
Ақ қайыңдар жылжиды аршын-аршын.
Жаһан толы тылсымға құмар болған
Жүрегiм, жер бетiнде бар шығарсың?…
Бар болсаң, мына əлемдi жаныңмен ұқ.
Жүр едi сəнiм кемiп, əнiм кемiп.
Құйып ал жанарыңа жалқы сəттi,
Сырғытады Сұңқарбұлақ маңында елiк.
Судағы бейненi iздеп елегiзер,
Күн санаумен күдерiн менен үзер.
Шөлiркей кеп бас қойса бұлағына
Толқын-толқын мұң көлiн жел емiзер.
Күз түнiнде жапырақ құлағанда
Уақыт, неге тоқтадың мына маңға?
Жөнеп едiң жалт ойнар жалқы сəтте,
Елiк қызға керiк ұл ұнағанда.
Өмiр бəлкiм осы ма, өңделмейтiн,
Жанға салар жарасы емделмейтiн.
Өмiр бəлкiм өзгеше жалқы мезет,
Сен келмейтiн, қайтадан мен келмейтiн.
Мəңгiлiкке мына бiз оралмайтын,
Мəңгiлiктiң сəулесi – санамда айқын.
Қорқыт болып күйiмдi төге алмадым,
Қорқып тұрып ызғардан борандайтын.
Күнi-түнi де, сəулелi Ай – өмiр бəрi,
Естелiктi сөйлетсем – көңiл нəрi,
Жапырақтар жерге кеп жайғасады,
Ай нұрына армансыз шомылғалы.
Өмiр бəрi, мəңгiлiк өмiр бəрi…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу