Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
170
Жанымды жеген мына күн...
Жанымды жеген мына күн,
Құлдилай ұшқан құладын.
Қанатын қақты қайрылмай,
Баса алмай қалдым бiр қадым.
Қолымнан түстi құрығым,
Ұстатпай кеттi ұры күн.
Тiрлiгiн iстеп тiрiнiң,
Өте де шығар ғұмырым.
Жүрегiм тозар, жүйкем де,
Тiршiлiк, менi икемде.
Өле алмай жүрген, ей, өлең,
Өлетiн жанға сүйкенбе!
Қайрылмай кеткен қаршыға
Күндердi күттiм сарсыла.
Шыр-пыры шыққан қу жаным,
Өзiңдi-өзiң жаншыма.
Сұлбасы тұтам, Сұңқар күн,
Қай жаққа қарай бұлтардың?
Соңыңнан сенiң асығып,
Өзiмдi-өзiм құртармын…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter