Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  140


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Жас ғұмыр - жалғыз терекпін

Жанымды мұңға мың бөлiп,
Жұмбақ тiл қатар түн зерек.
Зейiнiн салды зерлi көк,
Жанашыр басқа кiм керек?
Түнiме толған Ай керек,
Жүзiнде Айдың қайғы ерек.
Жанымды жайлап əлдиле,
Жоғалтып тапқан «Айгөлек».
Көңiлде мүлдем жоқ алаң,
Қойныңа сiңiп жоғалам.
Жанашыр көгiм, көсiлшi,
Домалан, Айым, домалан.
Қолыма қонбас Құс жолы,
Келе ме жерге түскелi?
Шүпiлдеп толды-ау жанарым,
Жас ғұмыр мұңын iшкелi.
Жүрекке жарқын жыр керек,
Жүзiме алтын нұр керек.
Жұмбақ тiл жедел шешiлшi.
Жұртым бар күткен бiр дерек.
Бiр дерек – аса керектiм,
Жұмбақ тiл қаттың, зерек түн.
Жапырағымды жайлап сөйлетшi,
Жас ғұмыр – жалғыз терекпiн…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу