Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
105
Орнады келiп далаға...
Орнады келiп далаға
Қараңғы түннiң қамалы.
Бiр елес берiп қала ма
Жоғалған жұлдыз жамалы?..
Орнады келiп тағы күн,
Тағы түн – жарық жанары.
Қанаттылардың бағытын
Қанатсыз пенде бағады…
Күздiң де келiп қалғаны,
Құс жолы тартып ақтаңдақ.
Қурайдың ызың салғаны,
Құбылған үнге аттандап.
Құбылған қайтты, мен қалдым,
Қамалып мұңым кеудеме.
Қара жерiмде сандалдым,
Хабарым жетпей сəулеме.
Өлiара алыс, күз таныс,
Өзгере ме екен дидары?
Жолыға келген жүзтаныс
Жұмбақтай сөйлеп, қинады.
Мазамды алма, мұңлы түн,
Өзiммен өзiм болайын.
Түсiнер дейсiң кiмдi кiм
Таба алмас, айтам, орайын…
«Күздiң де келiп қалғаны-ау»,
Күрсiнер күнiм – кейуанам.
Көзiнiң қырын салмады-ау
Дүния деген диуанам…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter