Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  205


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Тiрiнiң қамын тiрi жер...

Тiрiнiң қамын тiрi жер,
Тiрiлер бiрiн бiрi жер.
Тiрлiкте қашқан қадiрiң
Өлгенде ғана бiлiнер.
Өлiнiң қамын тiрi жер,
Жоқтауын салып жүгiнер.
Жоғалтып алған асылы
Айрылғанда бiлiнер.
Тiрiнiң қамы – бас қамы.
Күнде бiр əлем – ашқаны.
Күйремейтiндей көңiлi,
Құламайтындай аспаны.
Өлiнiң қамы – өз қамы.
Топырақ болып тозғаны.
Азасын тұтқан ағайын
Мəңгiлiк мекен қазғаны.
Өлiнiң қамы – өз қамы,
Өгейсiп кеткен өз қаны.
Бiр уыс топырақ бұйыртып,
Маңдайға бақыт жазғаны…
Тiрiнiң қамы – бас қамы,
Таусылмайтындай дастаны.
өлеңшiл өзен өткенi.
Айғайшыл асу асқаны.
Өлiнiң қамын тiрi жер,
Тiрiлер бiрiн бiрi жер.
Бiр күнi бiз де барамыз,
Сен аман болғай, сiрi Жер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу