Өлеңдер ✍️

Айныды...
Айныды,
Адастырды өз құдайым,
(Көңiлдiң қай қалғанын сөз қылайын)
Өзгенiң құдайынан үмiтiм жоқ,
Үзiлген тамшыдайын тез құлайын…
Топ етiп топыраққа сiңiп кетем,
(Əлде де əлденеден үмiттi екем…)
Тiршiлiк тұтқасына табынушы ем,
Нелiктен тəңiрi менi ұмытты екен?
Елеусiз көз жасындай үзiлермiн,
Майсаның шығындай боп тiзiлермiн.
Көзiне бу боп ұшып көрiнермiн
Аяусыз айыр тiлi ұзын елдiң.
Тентiреп қосылармын теңiздерге,
Теңiзге төнген бұлттар менi iздер ме?
Тамшыдан тамшы айнымай жарасқанда
Күрсiнiп көз сүзбей ме егiздерге…
Он сегiз мың ғаламның ғажабы мол,
Ми қорытқан мақамды жазады қол –
Тəңiрi адастырған ашық күнде
Қайдан тапсын даланың қазағы жол…
Ұмыт қалған ұланның ұраны бар,
Аузында – иман, қолында құраны бар.
Шөлден ұшып өлерде кете алмастан,
Ащы боздап қасында тұрады нар…
Өзiң құтқар, о, тəңiрi, адастырма,
Ажалменен бейбақты жарастырма.
Үмбетiң боп үнiңе құлақ асқан
Аяушылық жаса бiр алаш-құлға.
Бұл қалай, тəңiрi, менен айнығаның?
Қамығып, қара түнде ой қыламын.
Көңiлдiң қай қалғанын сөз етейiн,
Көре алмай күдер үздiм Ай құлағын…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇