Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  208


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Зайсан

Iсiрiбi – қара тас,
Iсмер салған үй едi.
Сiлкiнiске жарамас,
Сынып түстi сүйегi.
Қабырғасы саманнан,
Қазандығы – меш қалып.
Суық өттi табаннан,
Қара күзге кеш қалып.
Қара Ертiстiң жағасы –
Қаптай қонған қазақтар.
Мəскеу жақтың баласы:
«Мозамбик», – деп мазақтар.
Құдай қырын қарады,
Қараша ауыл қирады.
Жырымдалды балағы,
Отқа түстi сирағы.
Жаутаңдады жетiм көз,
Жұбанышты кiм айтар?
Көсеп өсек отын сөз,
Одан сайын мұңайтар.
Жүрегiнен жүрек жоқ,
Жиылып тұр бұл күн iш.
Тiленбеген тiлек жоқ,
Қайта соқты сiлкiнiс.
Дана жатыр далада,
Үйелменi үнсiз қап.
Бала қашты қалаға,
Кеудесiнде мұң сыздап.
Улап-шулап сабылған,
Саналарда сарыуайым.
Жарылып бiр ағымнан,
Жаратқанды қорғайын…
Босып кеттi-ау бостаным,
Топырақтан ажырап.
Оу, ағайын, қосқаның
Таусылады қазiр-ақ.
…О ғып, бұ ғып амалдап,
Күнiн көрген со қазақ,
Дала желiн самалдап,
Өлмей-ақ жүр, о ғажап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу