Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  172


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Шығыс түркістан жыры

Ұлы шығыс,
Қайран шығыс,
Ұлы өлке.
Үш ұлы тау, үш өзенім, үш өлке.
Үшеуіңе үш күн қонған Бостандық,
Ұшып кетті-ау тым ерте.
Өр Алтайдың ақпанындай қыс өмір,
Сұр мергеннің саусағындай сұс өмір.
Сұлубайдың зарлы үніндей құс өмір,
Қапастағы қара торғай ұш өмір.
Құбы құмын қаранармен тілгізіп,
Хантəңірде қарагермен мұз бұзып.
Бұл даладан «елім-айлап» көш өткен,
Сары əскерден сары төбе тұрғызып.
Бұлдыр-бұлдыр,
бұлдыр қаққан дүние,
Қалибектен қалған елге кім ие?..
Бүркітбайша толғар едім бұл жырды,
Домбырам да келмей тұр-ау күйіне!
Қасіреті қалың қара қорымдай,
Қара түнде жарық етсін жолыңды Ай.
Ғұн жылқысын азынатып төбеңнен,
Тұяғыма таптар ма едім тобырды-ай?!.
Мені арбап əб жыланның биі мың,
Саған рух нұрын шашпас қыли күн.
Бөлтіріктей апанынан адасқан,
Жеті түнде саған қарап ұлимын.
Қайран шығыс…
Бозжусан бүр жарғанда...
II
Алаштың оғлан ұлдары,
Жадымда жаңғырып ұраның
Оқылар соңғы жыр – құраным.
Анамның жұлынған шаштары,
Бабамның ілінген бастары,
Төбесін басқа бұлт торлаған,
Даламның бұлыңғыр аспаны.
Кеудеңнен көктеген жусанды,
Доңыздың басқаны…
Жесірдей жаны жас,
Жетімдей қаңғыбас,
Көзімнен ағады қанды жас.
Кек толы кеудемді
кім келіп жоя алар,
Күп-күрең қаныма
күн шығыс боялар.
Сен жайлы аңыздан,
Сен жайлы ертектен,
Абыздан…
Керуен-керуен көштерім оралар.
Іштегі жанымның даусынан,
Сəбиім оянар…
Аңғалдау даланың ұлымын.
Жанарым қанжардай,
Қабағым қайғылы таулардай.
Қарт Алтай əкем боп,
Қара Ертіс шешем боп,
Қара жер төсіңнен көктеген.
Дəтіңді ататын таңға айтар,
Сертіңді бататын күнге айтар,
Бабамның қолымен жонылған,
Мен сенің тобылғы домбыраң.
III
Мендегі еркіндік,
Жерде де,
Көкте емес.
Мендегі еркіндік –
Ер түрік еліне жол ашқан
Отпенен отасқан…
Ең соңғы күбірін айтқан Ол,
Қол бұлғап ұшқанда қапастан…
Ең соңғы армандай талыққан,
Сөнді күн.
Сөнді ай.
Ғаріп маң…
Ең соңғы адамдай күрсіндім,
Ең соңғы батқандай жарық таң.
…Арылып бар шындық күнəдəн,
Моласыз қалам деп налыман…
Мен сені құшақтап құлаймын
Қара жер əрі көр, əрі анам.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу