Өлеңдер ✍️
Куәсі сол зұлматтың Көлмекөл де...
Куәсі сол зұлматтың Көлмекөл де...
«Кездесер өлі балық өлмегенге»
Деп келді-ау ашыққан жұрт жағасына,
Әйтеуір бұл мұңлы арқау болды өлеңге.
Бір кезде жайлап көлді түрікпен де,
Кеудесі көтеріліп жүріпті өрде.
Қағынан жеріп құмнан үріккенде,
Шөлбасар суат еткен киіктер де!
Түстіктің, теріскейдің малы (анық бұл)
Саудакент арқылы елге таралыпты.
Ахмет хан, Құралай қасап көлде
Құс аулап, саят құрып демалыпты.
Шықты ма қырдың қысаң ұңғысынан,
Қараған жанға Көкше құм тұсынан
Қаратау бауырындағы осы егіз көл,
Көріңіп көздің-дағы тұрды ұшынан!
Оралып алуан гүл шалғайына,
Қос көзі таудың біткен маңдайына
Тұрыпты алты көштей жерден татып,
Аңқасы кепкен жұрттың таңдайына!
Оңында «Қалмаққырған», «Қосайқалған»,
Шығысын «Бүркітті», «Хан қосы» айқарған...
«Ақтабан шұбырынды...» ізі қапты
Қаратау маңындағы осы ойпаңда.
Абызым, жүзі қайтпас ақберенім,
Сенің де елмен өсті бақ-беделің.
Белгісіз сен айттың ба, ел айтты ма,
Бұл елде былайша өрнек тапты өлеңің:
«Ауылым көшіп барады Көлмекөлге,
Көлмекөл алыс дейді көрмегенге...
Алыс болса Көлмекөл жаяуға алыс,
Ай жарылқап күн туар өлмегенге...
Көлмекөлдің тұсында көш келеді
Көшке ілесіп бір тайлақ бос келеді...»
Әз ата, өзіңізді білем бе мен,
Кезінде заһар жұтып, жыр ембеген.
Қапыда қалған елдің шерлі, зарлы
Жүрегін, міне, осы бір Жыр емдеген...
Содан нәр алып, жоққа ел шыдапты,
Жырыңмен терезесі тең сияқты.
Әлде ұлтқа шын жанашыр өзіңе ұқсап,
Ақын да боп кетті ме ел сен сияқты.
Оның әр жолынан мұң-зар ұғына
Сол тұста күллі қазақ күңіренді-ау
Қасірет, сағынышын, бар арманын
Сиғызып сенің әуен-қалыбыңа!
Жаңғыртып тұрған жақсы өрені ұдай...
Елге де айналдық қой көгені бай.
«Ақтабан шұбырынды...» сол жылдардан
Бір белгі қалған болса, ол - «Елім-ай»!
«Көлмекөл» біткен жалғыз шөлге көл ме?»
Деп ойға берілемін мен де кейде.
Аңқасы кеуіп елдің әрең жеткен
«Алқакөл сұламаңыз» Көлмекөл ме?
Мен де оны көріп, суын ішпеп едім...
Киелі сол бір көлің түске енеді,
Кезінде айдынына аққу қонған,
Жыртылып айырылыпты құс дегенің.
Білерім, айдынына аспан көшкен,
«Елім-ай» қасіретін бастан кешкен.
Тұрғанда суы қайтпай Көлмекөлге
Қонаев кеп демалып жатқан десті ел...
Жартаста кемер судың әлі ізі бар,
Кәрі тау көзі жасын тамызып әр,
Көл содан құралды ма? Қамкөңілге
Әр жердің осындай бір аңызы-нәр.
Ақтоғай маңындағы көл бейне елдің
Аңызы-ау ойлап тапқан, беу, дей бердім.
Таудың қос жанарындай егіз көлдің
Болғанын айтсаң ешкім сенбейді енді...
Көлмекөл қайда кетті, қайдан келген...
Таппайсың іздесең де сайдан, дөңнен.
Талықсып жеткенінде шөл бассын деп,
Тәңірім берген сый ма ойранды елге...
Тұсынан керуен-жылдар озды асыға,
Хақ куә аңыздың бұл тозбасына...
Бұл тұсқа сан тараптан әкеп құйған
Көлмекөл қазақтардың көз жасы ма?
Жыр ма әлде көмекейге келген төпеп,
Шерлі жұрт ат шалдырмай шөл жерге көп,
Қосты ма ағыл-тегіл көзі жасын
Осы бір қос жанардай көлдерге әкеп.
Қынадай қырды қалмақ жолда тағы...
Бейбақ жұрт бақ тапты ма онда барып?
Арқадан Ақ Жайыққа көшті үдере,
Көз жасы Көлмекелдей болғаны анық.
...Қаратау күңіренбейді баяғыдай,
Желегін күнге қарай жаяды ұдай.
Кеткені келіп, толған кемісі мың
Есірке, ел жұртымды ая, Құдай!
Көлмекөл қарсы алмайды шығып алдан,
Сорланып көлтабанда мұңы қалған...
Өңірде көл жоқ. Неге? Бұл, әлде елдің
Көз жасы құрғағандығынан ба?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter