Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  120


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Өмір өтер...

Талбойыңа телиді тамызда нәр,
Азды-көпті өмірің қарызға алар.
Адам келіп-кетеді дүниеге,
Ал соңында... әр алуан аңыз қалар.
Аңыз қалар, өз-өзін өртеп өтсе...
Өмір оны есіркеп, еркелетсе!
Қасірет қой тек келіп, кету деген...
Жасы көп қой төгетін ерте, кеш пе!
Бірі самғап шығандап, бірі ұша алмай,
Бір-біріне жақындап жұғыса алмай...
Саяқ ғұмыр кешуде қаншама жан...
Көзі-жұмық, көкірегі-қуыс, алла-ай!
Жүргеніңде қол созып көктегіге,
Енді жете бергенде көктеміңе...
Өте шығар тұсыңнан бір жалт етіп,
Білінбейді келгені, кеткені де...
Арманыңның желкенін керіп көтер,
Тұтқынында қалма оның көніп бекер.
Аңыз болып қаламыз, құрығанда...
Біз қаламыз, өмір ғой келіп, кетер!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу