Өлеңдер ✍️
Баурадың менің жанымды...
Баурадың менің жанымды,
Сұлу жүз, сыңғыр күлкіңмен.
Қасымнан әр кез табылдың,
Сенімен бақыттымын мен!
Сұлуым сенсің ұнатқан,
Мен үшін Ай мен Күндейсің.
Жанымды бөлеп шуаққа,
Еркелеп дәйім жүргейсің!
Қалауы сенсің көңілдің,
Сен жаққа құстар ұшырдым.
Өзіңсіз мынау өмірдің
Мәні де жоғын түсіндім.
Жаны асыл, ғашық жандарға
Күн кешу қиын сезімсіз.
Дүние көркем сен барда,
Қызық жоқ, бірақ өзіңсіз!
Тіл қаттың көктем жақтан сен,
Мен бүрсең қақтым күзімде.
Ғұмырым-гүрлеп аққан сел,
Қалмапты-ау түк те ізінде.
Аға боп алға түстім мен,
Шашым да тартты буырыл.
Шарпысқан отты ұшқын-мен.
Бойымда жастық буы жүр.
Көк пенен жердің көбесін
Бұзып та жарып өтетін,
Арманның қуып елесін
Жер түбіне де жететін.
Арудай ашық маңдайлы,
Омырауы дір-дір еткен,
Жастыққа ілесе алмаймын
Жамау да жасқау жүрекпен!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter