Өлеңдер ✍️
Батпан мұңнан сәтімде бір айыққан...
Батпан мұңнан сәтімде бір айыққан,
Атты алдымнан бар жасауын жайып таң...
Ойда жоқта көңілімді ұйқы-тұйқы етіп,
Өміріме ендің менің ғайыптан!
Құдірет-ай, қандай ғажап мына шақ!
Сенің мендік болғаның ба рас-ақ.
Жан дүнием ...жылдар бойы мүлгіген
Жырлап кеткен секілденді тұра сап!
Қиял құсым көкке қағып қанатын,
Таңдайымнан бал боп өлең таматын.
Мөлдір, жұмбақ әлеміңе жетелеп,
Сезім-өзен алабұрта ағатын!
Бақыт сәтін бастан аз күн кешірдім,
Сосын қиял әлеміме көшірдім.
Сылаң қағып соңыңа аз күн ерттің де,
Өзің жаққан алауды өзің өшірдің.
Көктен қарап пенделерге жердегі,
Хордың қызы жетеледі- ермедім,
Жырлар, жырлар мені күн-түн тербеді...
Жүзі ортадан ауған шақта өрмегім,
Сезіміммен неге ойнадың сен менің!
...Мен туралы ел не десе о десін,
Көз алдымда тұрар әр кез елесің.
Бәз қалпыңда мейлің көнбе, мейлің көн
Қиялымда өмір сүре бересің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter