Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  124


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Көз ілем бе, сенсіз тыншып, ішем бе ас..

Көз ілем бе,
сенсіз тыншып, ішем бе ас...
Өзіңменен ешкім де тең түсе алмас.
Иемденіп жүрем ылғи сыртыңнан
Менен кіші болсаң да екі мүшел жас.
Мені ұғатын болса өмірде бір адам
Ол да сенсің... Әр кезде де жүр аман!
Келіп-кетіп тұршы, қарғам, күнара...
Қанша жаста екенімді сұрама!
Жаста тұрған ештеме жоқ, меніңше...
Қайтем енді! Тағдырыма телінсең,
Түсімде де сені көріп көз ілсем,
Сенсіз өмір сүре алмасым сезілсе!
Әй, қу қыз-ай! Пәк едің ғой күнәдан,
Сенің-дағы көңілің маған бұрады-ә!
Байлады ма оққа... қайран басыңды
Әңкі-тәңкі етті ме әлде, бұл ағаң...
Айдай ару... ернінде уыз табы жүр,
Өмірі сорға бастады ма тағы бір!
Махаббат та сәби сынды, сүйді ме –
Қанша жаста болсаң да, оған бәрібір!
Жаз, жаза бер ақынға арнап хатыңды,
Келіп-кетіп тұршы әйтеуір, ақылдым!
Басқа ойым жоқ, басайын тек мауқымды
Басынан бір сипап махаббатымның!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу