Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  133


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Жетісуым

Жетісу! Жетісу-ай жәудір өңі...
Телиді тектіге-өнер, көшеліге-ой.
Түсіне ақынының тау кіреді,
Өйткені, тауға қарап өседі ғой!
Тал-қайың қарсы алады келсең билеп...
«Жалғанда гүл біткеннің бәрі осында».
Әнеу тұр омыраулап Елшенбүйрек
Лабасы, Тұздыкөлдің аясында!
Өмірдің бүлк-бүлк соққан қантамыры...
Гүлдеп тұр оғылан жас – онсегіздей!
«Шаншылып әнеу тұрған Хантәңірі
Шапшыған Тянь-Шаньнің емшегіндей!»
Текесте туған өлең –жайдай тасқын
Екпіндей келіп Алатауға өреді!
Төрінде жатқан Құмбел, Айғайтастың
«Жайлау деп жайлауын айт Шалкөденің!»
Оянған ойлар таудың бөктерінде –
Кеңбұлақ, Жайдақбұлақ, бұлақ, бұлақ...
Шапқылап сан тарапқа кеткенінде
Жеткізбес тіпті... қуса мың аттыға!
Ұзарып көкорайы, гүлі де өссе...
Үшқоңыр, Сарыбастау, Сүмбе қандай!
Елімнің қос меңінің бірі – Көкше,
Жетісу секілді оның бір меңі, Алла-ай!
Сен де кел, жүрсе, ақыным, жайың болмай...
Гүрлеген Жетісуда өмір қандай,
Пейілі – байсын өлке Байынқолдай,
Өрлігі – асқақ асқар Тәңіртаудай!
Жүзің тос соққан желге Лабасыдан!
Осында... Жетісуда мың бір емің...
Келіп кет, оның шипа ауасынан.
Сауығар сырқатың да – бір білерім,
Дәм жазып Алатаудың алабына
Келдің бе, балқып ұйып, исіне бер.
Тауда бұл... тынысыңды ашып танауыңа
Жаңбыр мен жаншылған көк исі келер!
Ол иіс болғанда да, жан балқытар
Біртүрлі ... ұжмақ демі секілді иіс!
Осылай ұл-қыз баулып арманқұмар
Отыр ел шетінде, жел өтінде ұлыс!
Ілияс, Мұқағали Жетісудың
Сөзбенен суретін сап, жырмен өрген!
Сәл жүрсем...сұлбасы осы екі шыңның
Жарқ етіп көрінердей бір кемерден...
Келемін өтіп небір жазық, қырдан
Рухымды тауда туған жанша шыңдай.
...Жетісу жарқ етіп көз қарықтырған
Елімнің інжу-меруерт алқасындай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу