Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  146


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Бір-бір үйдің құп-құйттай жанашыры...

Бір-бір үйдің құп-құйттай жанашыры,
Ұл-қыздың да, жардың да бары, асылы...
Лаулататын демімен отын үрлеп,
Қай ошақтың болса да Анасы ұлы!
Сенің үнің қосылып мендегі үнге,
Тұтанған-ды бір нұрлы от кеудемізде!
Мейіріміңді төктің сен маған, сосын...
Жалғыз ұлға соңымнан ерген ізге!
Қыз күніңе мойныңды бұрғызбастан,
Өтсе де уақыт... көзіңде тұрды ізгі аспан!
Келесің сен... жоққа да барға шыдап,
Моп-момақан қалпыңды бір бұзбастан!
Ұмыттырып аздаған мұңыңды уақыт,
Көкірегіңнен елуің тұр үн қатып!
Бөле-жармай жақсыны, жаманды да
Сенше сүйіп, сенше өмір сүру – бақыт!
Басыңа бақ үйіріліп қонар, түбі...
Өмір мәнін ұғындым сен арқылы.
Дәл өзіңдей әйәй жан елуің не,
Жүз жыл ғұмыр кешсе де жоқ артығы...
Сен барда мен өр, асқақ, жоталы ұлмын,
Қарсы атылам өзіне от-ағынның.
Айдан көке, Зәурекүл апамыздан
Жаралдың ба бағы үшін отауымның!
Талайынан өткенмін мен сынақтың,
Ізгілікті өзіңнен еншіге аппын.
Әлемдегі ең әдемі әйелсің сен...
Есімің де әдемі сен сияқты!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу