Өлеңдер ✍️

Бозқақ
Бөздей оңып бір кездегі жасыл өң,
Жүдеу тартып қалғаның ба расымен!
Жылай ағып сай-салаға, еңіске
Қалған тұнып бабамның көз жасы ма ең!
Ойдай тұнып қалғандайсың ояңға,
Жүрсем да алыс, сені аңсауды қоям ба!
Сағым мына өнбойыңды шарлаған
Жанымды да баурайтындай, ой, Алла!
Туған жердің төсіндегі «ақтаңдақ»
Секілдісің... сыры ашылмай жатқан қақ.
Самалды да сүйемін ғой сен жақтан
Сәріде есіп, жететұғын «аттандап»!
Жазы-қысы құрғамайтын Бозқағым,
Шыжғырылып бара жатқан қоздағы үн!
Белгісі ме ең ащы-кермек тағдырдың...
Қай-қайдағы қасіретімді қозғадың.
Иә, сол ащы тағдырымды аңсармын,
Оның кермек дәмін талмап, таусармын.
Сондай сәтте «Бойтұмарым - Бозқақ!» деп
Жарты әлемге кеп кетеді жар салғым.
Бозқақ, саған құшағын да жайды түз,
Енді білдік «ақтаңдақтар» жайлы біз.
Қасиет ең сіңген қанға қайғымен,
Жоғалмашы кездерімде қайғысыз!
Нұрақ үсті. Нұрдан шүйке созды ақ таң...
Қашанғыдай бебеу қаға боздап маң,
Ешқашан да ашпайтындай құпиясын...
Барлық жолдар бастайтындай Бозқаққа!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter