Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  131


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Өлең деген жалғыз шырақ... түбінде

Өлең деген жалғыз шырақ... түбінде
Жантәсілім еткелі әлсіз күбірлеп,
Періштелер тілінде
Сезім жатты қанаты әлсіз дірілдеп!
Жалғыз шырақ көрген емес бір қалғып,
Өлең деген ...өз алдына бір хандық!
Оты әсте өшпеуі үшін мен оған
Жүрмін қанша сезімімді құрбан ғып!
Айналшықтап от көрсе алып-ұшатын,
Пәруана көбелегім-сырым боп,
(Өлетінін білетұғын жаста емес,
Пәктігі бар нәрестенің түрінде )
Жанып жатыр пышырлап от ұшында
Менің сорлы сезімдерім біріндеп.
Арзу бітіп, ақыреттік күнің кеп,
Түбі өмірдің жалғандығы білінбек,
Түйсіктердің күйіп кеткен күлінде
Жазылмаған жырлар жатар күбірлеп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу