Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
98
Шиырладым із түспеген өрісті...
Шиырладым із түспеген өрісті,
Жеке өзімнің сүрлеуімді тапсам деп.
Нәмарттармен несібемді бөлістім,
Жыр шырағын жүректерде жақсам деп!
Кейбір ағам ақылгөйсіп түсті алға,
Таңғы ісімді жүргенімде кешке артып.
“Түбім шикі” екендігін тұспалдап,
Күлімсі исі көкейінен есті аңқып!
Өз қолымды өзім батпай кесуге,
Тындым іштей-несібеміз бірге еді...
Ал бірі, рас, өлеусіреп өшуге
Айналғанда...үмітімді үрледі.
Бір ағама өткізе алмай қолқамды,
Таңырқадым, танымай қап ортамды.
Ешкімнің де айтқанымен жүрмедім,
Жортып келем жалғыз-жарым жолда әлгі...
Қайдан шығар екен деп тың сүрлеуім!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter