Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  143


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Боямасыз өмір

Бет-перделі əккі көп
Тасырларды асыл дер
«Бізде бə-ə-рі жақсы!» деп
Есеп бере əкімдер
Лажсыз өзек өртенді-ау,
Билік тиіп наданға.
Бүгінгі дос-ертең жау
Заман ба азған, адам ба?!.
Бітпес пенде таласы
Нысап берсін бір Құдай!
Анасы мен баласы
Соттасады Сұмдық-ай!..
Соттасады қарағын
Бөтен жандай екеуі
Ақ сүтіне ананың
Осы болды-ау, өтеуі...
Елдің іші бүлінді
Адамдар аз, жаны асыл.
Көп басшыға бүгінгі
Берсең ғана жағасың.
Кілең ымы-жымы бір
Алаяқтар айлалы
Аузы май боп ұры жүр
Оңай тауып пайданы.
Жемқорларда бір мақсат
Алу, алу тек алу.
Шындықты айтса, кім жақтап,
Басталады кек алу.
Инвесторға мол секем
Аңқау елім, тоналма.
Түбі жақсы болса екен
Тап келдік қай қоғамға?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу