Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
19.05.2022
139
Өмір деген осы екен...
Бір жығылып, бір тұрып,
Тасып, кейде іркіліп
Жүдеп, кейде құлпырып
Көрігінде өмірдің
Мың өртеніп, мың суып
Көңілімнің аспаны
Бірде күліп күн шығып
Бірде суық түн тымық
Ұлы көштен қалмауға
Жанталаса ұмтылып
Жалғасатын тіршілік
Бай мен кедей көші екен...
Кейде шыңға өрлейсің
Сыбағам бар мол дейсің
Кейде қанып шарбатқа
Кейде сусап шөлдейсің.
Кейде бағаң патшадай
Кейде арзан бөздейсің
Кездеседі жолыңда
Нендей жауыз, нендей сұм
Кейде күйіп нақақтан
Итқорлыққа төзбейсің.
Пешенеңе жазғанды
Көрмей бірақ өлмейсің
Өмір деген осы екен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter