Өлеңдер ✍️
Мың тоғыз жүз сексен алты. Желтоқсан.
Мың тоғыз жүз сексен алты. Желтоқсан.
Аяз қысып, тұрды ызғырық жел соққан.
Сескенбестен шықты алаңға жас толқын
Империя састы сонда сең соққан!
«Ұлтшылдарға болмайды-деп – кешірім»
Компартия бір-ақ айтты шешімін.
Тепкіге алды ұл-қызына қарамай
Жауыздықтың қолданды олар не түрін.
Алаулаған жасын оты бар іште
Дəріптесең сол жастарды дəріпте!
«МЕН ҚАЗАҚПЫН, МЕН ҚАЗАҚПЫН!»
деген сөз
Қарсы тұрды келтек, күрек, ТАНККЕ!..
Диктаторлар кəрін төгіп зілдене
Атты,шапты, тықты көбін түрмеге.
Бəрін-бəрін үрей билеп тұрғанда,
Барыс жүрек шықтың өзің мінбеге.
Ыза толы шықты үнің күркірей
Басшыларға тиді сөзің түрпідей
Бəрі үрейлі, бəрі демін ішке алып,
Залдың іші тына қалған сілтідей.
«Жастарымыз түсті қуғын, айдауға
Сияды бұл қай тəртіпке, қай заңға?!
Бұл қорлықты, бұл сұмдықты көргенше
Өлгеніміз артық еді-ау, майданда!»...
Бір күрсініс шықты сонда даусыңнан
Сөз борады,сөз борады артыңнан
Тайсалмастан өр еңсеңді тік ұстап
Топты жарып кете барды нар тұлғаң!
Теңдесі жоқ ерлік еді бұл анық
Содан бері өтті талай жыл ағып
Алматыда «МЕН ҚАЗАҚПЫН!»
деп тұрған
Зор ескерткіш тұру керек БІР АЛЫП!
Білу керек ертеңгі жас өрендер
Бұл сөзімді бос сандырақ демеңдер.
Сонда мүмкін ой тастаған « кемеңгер»
Ұлтымызды атамайық дегендер
Есі кіріп, намыс оты тұтанып
Елі үшін сəл де болса елеңдер.
Артыңда өшпес сөзің қалды ер ағам.
Ұмытпайды тұрған кезде ел аман
«МЕН ҚАЗАҚПЫН!» деп
саңқ етті жас ұлан
Асқақ рух тілеп тұрдым мен оған!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter