Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  116


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Алматыны сұр перде тұмшалайды

Əлде мұны көрмей ме, əкім-қара?
(Жаппайтыны белгілі ақын жала)
Жоғарыдан сəл ғана көз жіберсең
Көк түтінге қақалып жатыр қала.
Зəулім-зəулім көрсетпей бұл сарайды
Көшелерді сұр перде тұмшалайды.
Терезе ашсаң ащы иіс қолқа шапса
Алматыны əсем деп кім санайды?
Көк түтіннен көрінсе əр үй зорға
Гүл қаланы əсем деп тани ма онда?
Əзілдеді бір таныс сырттан келген
«Алматы ма, бұл əлде полигон ба?»
Айдынына көңілдің тастаған мұң
Əзілін-ай, тілі удай бəтшағардың.
Көзі көріп тұрған соң исін жұтып
Жалған айтып мен қалай мақтанармын.
Алмұрты мен қып-қызыл алмасы жоқ
Дей көрмегін баяғы Алматы жоқ.
Сұр пердені ысырып тастар болсақ
Шыға келер жерімнің Жəннаты боп.
Қарамай ма көз салып əкім-қара?
Көк түтінге қақалып жатыр қала
Ыстың уын тыныстап асыр салған
Не болады ертеңің пақыр бала?!
Əсем қалам теңеу жоқ сөз қорымда
Алматыны қимаймын өзге орынға.
Өз қолыңмен адамдар ластайсың
Тазарту да ендеше өз қолыңда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу