Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  133


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Орбұлақтың қайсар ерлері

Қанды жорық бастаған,
Қара бұлттай қаптаған,
Лағнет атқан қаһарлы жау,төнді лек.
Алаштың бар айбаты,
Намыс оты-қайраты
Қарсы тұрды қас батырлар ержүрек!
Қайырмасы
Жаса, жаса, Орбұлақтың қайсар ерлері!
Жыр-əнімізсің, Ұранымызсың байтақ елдегі!
Ат тұяғы дүбірлеп,
Тау жаңғырып, дірілдеп,
Дала оранды соғыс салған дабылға.
Жан алып,жан беріскен
Шабысып қан төгіскен
Шайқас болды Жаркенттің маңында.
Қайырмасы
Жасындайын жарқылдап,
Қырандайын саңқылдап,
Айқасты ерлер «Таптатпаймыз жерді!» деп.
Жаудың шығып ойраны,
Ел жеңісті тойлады
Орбұлақта Туы көкке желбіреп!
Қайырмасы
Ұмытылмас мəңгілік
Ұрпақтарға жаңғырып
Ғасырларға жасай берер ерлігі.
Аңыз етіп əр заман
Жігерлене арнап əн
Асқақтайды қазағымның елдігі!
Қайырмасы
Жаса, жаса, Орбұлақтың қайсар ерлері!
Жыр əнімізсің,Ұранымызсың байтақ елдегі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу