Өлеңдер ✍️

  19.05.2022
  329


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

О, қазығұрт!

Атыңды бала күнімнен,
Құлаққа əкем сіңірген.
– Армысың Қазығұртым! – деп
Алдыңа келдім бүгін мен.
Бір көру еді арманым,
Əне тұр Кемеқалғаның.
Шабыт ап Алтынтөбеңнен,
Жүректен жырымды арнадым.
Өзіңді мен де сүйемін,
О, қасиеттім, киелім.
Топырағыңды қастерлеп,
Басымды саған иемін.
Шежіре қалып бабадан,
Сырғыды-ау талай заманаң.
Сонау да сонау ертеде,
Түбіміз сенен тараған.
Жөн емес дейді мұны кім?
Мен де бір сенің құлының.
Бауырларменен қауышып,
Босап та кетті-ау буыным.
Өзіңмен сəнді əлемім,
Ардақтар сені бар елің.
Жеткізіп тұрмын қабыл ал,
Алатау, Арқас сəлемін.
Жаратылғалы мына жер,
Бəріне өзің куəгер.
Тұмары болып елімнің,
Тұра бер мəңгі, тұра бер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу